«Сүйіктісі» тастап кеткен азамат қызға тыныштық бермеген: Шымкентте тағы бір «сталкер» сотталды
Бұрынғы танысын бірнеше жыл бойы қудалаған ер адам кінәсін мойындады
Шымкентте бұрынғы танысын аңдып, байланыс орнатуға мәжбүрлеген азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы, «Сталкинг» бойынша қаралды.
Қалалық соттың мәліметінше, сотталушы 2022-2025 жылдар аралығында жәбірленушімен жақын қарым-қатынаста болған. 2025 жылдың желтоқсан айында арадағы түсініспеушіліктен кейін әйел онымен қатынасты толық тоқтатып, кездесуден бас тартқан.
Соған қарамастан, айыпталушы жәбірленушінің еркін шешімін елемей, онымен қайта байланыс орнатуға тырысқан, аңдыған және жеке өміріне араласуын жалғастырған. Сот оның әрекетін зорлық-зомбылықсыз жасалғанымен, жәбірленушінің жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығын және еркін жүріп-тұру бостандығын шектеген заңсыз қудалау деп бағалады.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын сұраған. Жәбірленуші кешірім бермейтінін мәлімдегенімен, жаза түрін жеңілдетуді өтінген. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірген.
Сот шынайы өкінуді жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, ауырлататын жағдайларды анықтамады. Нәтижесінде ер адам ҚК-нің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.