Алматыда былтыр есірткі қылмысына қатысы бар 600-ден аса адам ұсталды
Былтыр заңсыз айналымнан жарты тоннадан астам есірткі заты тәркіленді
Алматыда 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 600-ден астам құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жұмыстың негізгі бағыты есірткі қылмысының аса қауіпті түрлерін – сату деректерін, ұйымдасқан топтардың әрекеттерін және жасырын түрде өсіру фактілерін әшкерелеуге бағытталды. Анықталған 280-нен астам дерек тікелей есірткі сату фактілеріне қатысты. Бұл полицияның тыйым салынған заттарды тек сақтау сатысында ғана емес, тарату кезеңінде анықтап, жолын кесуге бағытталған жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз айналымнан жарты тоннадан астам есірткі заты тәркіленді. Тәркіленген заттардың басым бөлігін каннабиоидты топтағы есірткілер, сондай-ақ жастар үшін ерекше қауіпті синтетикалық заттар құрады.
Сонымен қатар фитозертханаларды анықтауға ерекше назар аударылды. 2025 жылы қала аумағында құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 17 фактісінің жолы кесілді. Бұл наркобизнес өкілдерінің қызметін жасырын әрі жақсы бүркемеленген нысандарға көшіруге тырысатынын аңғартады.
Полицияның мәліметінше, қазіргі таңда есірткі қылмысы цифрлық технологияларды — мессенджерлерді, онлайн-платформаларды және байланыссыз сату тәсілдерін кеңінен қолдануда. Осыған байланысты есірткіге қарсы күрес киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелерімен бірлесіп жүргізілуде.
«Біздің мақсат – тек сақтау фактілерін тіркеу емес, есірткіні тұтынушыға жетпей тұрып, тарату арналарының жолын барынша кесу. Өткен жылдың нәтижелері жұмысымыздың жүйелі әрі белсенді сипатта екенін көрсетті. Біз көшедегі сатуды да, цифрлық технологияларды пайдаланатын ұйымдасқан схемаларды да дәйекті түрде әшкерелеп келеміз. Негізгі басымдық — жастарды қорғау және есірткі қатерінің алдын алу», – деді Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.