Ақтөбе облысында 11 көлік соқтығысып, қозғалыс шектелді

Автор: Мөлдір Қазыбай

KAZ09 тасжолының Алға ауданы маңындағы учаскесінде қозғалыс уақытша шектелді

Фото: istockphoto.com

Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар KAZ09 автожолында 11 көлік қатысқан жаппай жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазавтожол мәліметінше, жол апаты 10 ақпанда сағат 10:45 шамасында «Ақтөбе – Қандыағаш – Доссор – Атырау – РФ шекарасы (Құрманғазы ө/п)» бағытының Алға ауданына қарасты Тамды кенті маңында тіркелген. Ұлттық компания таратқан мәліметке сәйкес, жолдың жүру бөлігінде бұған дейін соқтығысқан 3 автокөліктен пайда болған кедергіні байқаған жүк көлігінің жүргізушісі қозғалысын ішінара тоқтатуға мәжбүр болған. Осы сәтте бір бағытта келе жатқан өзге көліктер бір-бірімен соқтығысып, тізбекті апатқа ұласқан.

Салдарынан жалпы саны 11 көлік зақымданды. Оқиғаға байланысты 10 ақпанда сағат 11:30-дан бастап аталған автожолдың 11–337 шақырым аралығында барлық көлік түріне қозғалыс уақытша шектелді.

Қазір апат орнында 7 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Құзырлы органдар жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін анықтау жұмыстарын жалғастыруда.