БҚО-да боранда қалған 2 малшының өлімі қылмыстық іске ұласты
Жәнібек ауданындағы қайғылы оқиғаға 100% жауапкершілік жұмыс берушіге жүктелді
Батыс Қазақстан облысында 13 желтоқсанда болған боран кезінде жоғалып, кейін денесі табылған 2 малшының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тексеру жүргізілді. Комиссия жұмысына шаруа қожалығының басшысы мен облыстық кәсіподақтар орталығының өкілі қатысқан.
Тергеп-тексеру барысында жазатайым жағдайдың себептері мен еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталды. Қайғылы жағдай үшін жауапкершілік 100% жұмыс берушіге жүктеліп, жиналған материалдар БҚО Полиция департаментіне жолданған.
БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Жәнібек ауданының полиция бөлімінде қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.