Әкімдік Маңғыстау облысына Ресей мен Грузия дәрігерлерін шақырып жатыр
Маңғыстау облысына 500 дәрігер жетіспейді. Облыс әкімі Серікбай Трұмов аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндай келіп, осындай проблеманы көтерді, деп хабарлайды Inbusiness.
«Ауру барлық жерге тарағандықтан, бізге 500-ге жуық дәрігер жетіспейді. Оның бір бөлігін медицина мамандығын меңгеріп жатқан студенттермен толтырмақпыз. Биыл 77 студент дипломын алады. Бұдан бөлек, Ресейден Қазақстанға келген дәрігердің ішінен 5 маман сұрап отырмыз. Министрлікпен келіссөз жүріп жатыр. Ол да көмек болар еді. Қосымша Мәскеуге де шығып жатырмыз. Ол жақтан 11 дәрігер келуге дайын. Мәскеуден Ақтауға тікелей ұшақ ұшпайтындықтан, арнайы чартерлік рейспен алдырмақшымыз. «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы қолдау көрсетеді. Грузиядан да елшілік арқылы дәрігер шақыртпақпыз», – деді облыс әкімі.