Композитор Кеңес Дүйсекеев дүние салды
Мәдениет және спорт министрлігі марқұмның отбасына көңіл айту хатын дайындап жатыр
Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев қайтыс болды. Қайғылы хабарды Azattyq Rýhy тілшісіне Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі растады.
Елге белгілі композитордың нақты неден және қай қалада қайтыс болғаны әзірге айтылған жоқ.
«Иә, қайғылы хабарды естідік. Мәдениет министрі атынан көңіл айту хатын дайындап жатырмыз. Бірақ неден қайтыс болғаны туралы ақпарат жоқ», - деді телефон арқылы министрліктің баспасөз хатшысы Нұрбол Қапешов.
Кеңес Дүйсекеев 1946 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері.
Ол – “Толғау” симфониясының (1984), “Жалаңтөс батыр” симфония поэма-картинасының (1996), “О, дүние” кантатасының (1997), “Жыл мезгілдері” романстар топтамасының (1991), “Мәди”, “Аққу Жібек” мюзиклінің, “Алдар көсе” опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әндердің авторы.