Талғар ауданындағы Бесағаш ауылында болған оқиғада адам шығыны жоқ
Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылындағы коттедж қалашығында тау баурайынан топырақ массасы опырылып түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 7–8 ақпан аралығында жауған қар мен тұрақсыз ауа райының салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, баурайдан өздігінен сырғыған. Соның нәтижесінде жеке тұрғын үй аумағында тұрған жеңіл автокөлік пен қалқаға зақым келген.
Ведомство дерегіне сәйкес, тұрғын үйлердің өзіне және олардың көтергіш конструкцияларына зиян тимеген. Зардап шеккендер мен адам шығыны тіркелмеген. Қазіргі уақытта жағдай облыстық ТЖД бақылауында.
Оқиға орнында облыстық департамент басшылығы мен жедел қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және аумақты жарықтандыру мақсатында жарық мұнарасы орнатылды. Жақын маңдағы тұрғындарға ықтимал қайталанатын табиғи құбылыстар кезінде әрекет ету тәртібі түсіндірілді.
Салдарын жою жұмыстарына Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар, полиция департаменті және ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» қызметінің шамамен 20 қызметкері мен 9 бірлік техникасы жұмылдырылған.