Оның ішінде 9 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды
Елімізде кейінгі жеті тәулікте құтқарушылар қар құрсауында қалған 96 адамды, оның ішінде 9 баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады. Сонымен қатар 18 автокөлік қар астынан шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, боран, көктайғақ және қатты жел салдарынан жолдардағы көрініс нашарлаған. Құтқару жұмыстарына ТЖМ мамандарымен қатар полиция қызметкерлері де жұмылдырылды.
Ең күрделі жағдайлар тіркелген аймақтар:
Қарағанды облысы: «Ақой – С. Сейфуллин – Ақсу – Аюлы» жолында Өзбекстанның үш азаматы мінген көлік қарға батып қалған.
Жамбыл облысы: 4 автокөліктің ішіндегі 8 жолаушы (арасында бір бала бар) құтқарылды.
Ақтөбе облысы: Құрылыс ауылының маңында 12 адам, оның ішінде 3 бала эвакуацияланды.
Жетісу облысы: «Үшарал-Достық» бағытындағы жабық учаскеде 32 адам (2 бала) қар құрсауынан шығарылды. Олар 6 жеңіл және 11 жүк көлігінде болған.
Қостанай облысы: Құтқарушылар Ресейдің екі азаматы отырған көлікті қар астынан қазып алып, қауіпсіз жерге дейін жол көрсетті.
Мамандар ауа райының қолайсыздығына байланысты азаматтарды дауылды ескертулерді қадағалауға шақырды.
«Боран мен қатты жел кезінде алыс сапарға шығудан бас тартыңыздар. Ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға жаяу алысқа ұзамауға кеңес береміз», — делінген ТЖМ хабарламасында