Пәкістан астанасындағы мешітте жарылыс болып, 31 адам қаза тапты
Жұма намазы кезінде болған шабуылдан 169 адам жарақат алды
Пәкістан астанасы Исламабадта жұма намазы кезінде мешітте жарылыс болып, кемінде 31 адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Reuters агенттігінің ақпарынша, Жарылыс Хадиджа-тул-Кубра мешітінде болған. Полиция қызметкерлері жарылыс жасаған адамды ғимараттың кіреберісінде тоқтатуға тырысқан, алайда сол сәтте ол өзінде болған жарылғыш құрылғыны іске қосқан. Нәтижесінде, 31 адам қаза тауып, тағы 169 адам түрлі деңгейде жарақат алды.
Исламабад комиссарының орынбасары Ирфан Мемонның мәліметінше, жараланғандар саны әлі де нақтыланып жатыр. Зардап шеккендер қаланың бірнеше медициналық мекемесіне жеткізілген, дәрігерлер олардың бір бөлігіне шұғыл көмек көрсетіп жатыр.
Елдің жауапты министрліктері қаза тапқандардың отбасына және жараланғандарға қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Оқиғаға байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, шабуылдың барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу басталды.