Білім мен инновация: сарапшылар жаңа Конституциядағы стратегиялық бағыттарды талқылады
Білім берудегі инновация жаңа Конституцияның басымдығына жатады
«AMANAT» партиясының «TALQYLAU» сараптамалық диалог алаңының кезекті отырысы өтті. «AMANAT» партиясының алаңында өткен диалогтық талқылауға салалық министрлер, Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды. Талқылаудың басты тақырыбы «Қазақстан – білім мен инновация мекені» болды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қазақстан мемлекеттік және қоғамдық дамудың моделін жаңартуға бағытталған жүйелі реформаларды тереңдету кезеңінде тұр. Қазіргі күн тәртібінің өзегінде адами капиталдың басымдығы, білім беру, ғылым және инновациялық экономиканы дамытуға қатысты конституциялық қағидаттарды іске асыру мәселелері тұр.
Сарапшылар білім берудегі инновация жаңа Конституцияда қалай жарық көргеніне аса мән берді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қазіргі таңда роботтарды үйрету айтарлықтай жеңіл әрі тиімді бола түскен.

«Мәселен, Tesla компаниясы 2030 жылға дейін нарыққа 1 миллиард робот шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл роботтандыру дәуірінің қарқынды түрде басталғанын көрсететін нақты мысал. Энергетика саласында да түбегейлі жаңалықтар болып жатыр. Әсіресе, термоядролық энергетика бағытында ірі ғылыми жетістіктер байқалады. АҚШ-тың Калифорния штатындағы Ливермор ұлттық зертханасында тұрақты термоядролық реакцияға қол жеткізілді. Жапония Еуропа одағымен бірлесіп, ірі токамак қондырғысын іске қосты. Ал қазіргі уақыттағы ең ауқымды жаңалық – Қытайдың Хэфэй қаласында жүзеге асырылып жатқан «жасанды Күн» жобасы, онда төрт минуттан астам уақыт бойы тұрақты плазмалық реакцияны ұстап тұру мүмкін болды», - дейді министр.
Оның айтуынша, биомедицина саласында да серпінді өзгерістер жүріп жатыр.
«Бұл бағыт алғашында CRISPR технологияларымен басталса, бүгінде оны жасанды интеллект жаңа деңгейге көтеріп отыр. AI генетикалық редакциялау үдерістерін жылдамдатып, дәлдігін арттыруға мүмкіндік беріп жатыр. Осы жаһандық өзгерістер аясында Конституциямызда инновацияға, ғылымға және адами капиталға стратегиялық басымдық берілуі, оларға арнайы орынның бөлінуі Қазақстанның алда келе жатқан түбегейлі технологиялық және ғылыми революцияларға саналы түрде дайын екенін көрсетеді. Бұл – елдің болашағын айқындайтын ұзақ мерзімді әрі дұрыс таңдалған бағыт», - дейді министр.
Ал Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева цифрлық технологиялар бүгінде барлық салаға терең еніп отырғанын жеткізді.

«Үлкен деректерді талдаудан бастап, бағдарламалау, жасанды интеллект, роботтандыру бағыттарына дейінгі барлық үдеріс цифрмен тікелей байланысты. Қандай сала болмасын, қандай зерттеу немесе инновация болмасын, цифрлық компонентсіз жүзеге аспайды. Осы тұрғыда жасанды интеллект дамыған сайын, ең басты құндылық ретінде табиғи, яғни адами интеллектің маңызы арта түсті. Қазіргі халықаралық еңбек нарығы шекарадан тыс сипатқа ие: әлемдік ірі IT-компаниялар таланттарды бүкіл әлемнен іздейді. IT мамандары белгілі бір жұмыс орнына байланбайды ноутбугын алып, кез келген елден жұмыс істей алады немесе ел ішінде отырып-ақ өз интеллектуалдық еңбегін басқа юрисдикцияларға ұсынады», - дейді Екатерина Смышляева.
Депутат Қазақстанда бұл бағытта әлеует жоғары дейді. Себебі бізде мықты математикалық мектептер бар, қазақстандық жастар халықаралық алаңдарда табысты өнер көрсетіп жүр, отандық стартаптар әлемдік нарықта мойындалып отыр. Өзін-өзі сынаудан гөрі, осы жетістіктерді нақты бағалау маңызды.
«Осы контексте Конституция жобасында интеллектуалдық меншікке ерекше қорғаныс беру нормасының енгізілуі стратегиялық тұрғыдан өте маңызды қадам. Себебі цифрлық әлемді алгоритмдер, бағдарламалық кодтар, авторлық және коммерциялық құқықтар құрайды. Мемлекеттің бұл саладағы айқын құқықтық ұстанымы адами капиталды елде сақтауға және инновациялық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, технологияның даму қарқыны заңнамадан әлдеқайда жылдам. Көп жағдайда заңдар қабылданбай жатып ескіріп қалады. Сондықтан жаңа технологияларды бірден кең ауқымда енгізбей, алдымен реттеуші форматында сынақтан өткізу қажет. Қазақстан бұл бағытта алдыңғы қатарда: Астана халықаралық қаржы орталығының (AIFC) финтех-песочницасы соның айқын дәлелі», - дейді Смышляева.
Депутат атағандай, Конституция жобасында реттеуші факторлармен қатар, озық даму аумақтары мен салаларын құру мүмкіндігі де қарастырылған.
«Бұл инновацияларды қауіпсіз ортада сынап, тәуекелдерді анықтап, содан кейін ғана жалпы заңнамаға енгізуге жол ашады. Мысалы, жүргізушісіз көліктер немесе роботтандырылған жүйелер әлі толық инфрақұрылым дайын емес ортада жаппай қолданысқа жіберіле алмайды. Тағы бір маңызды жаңалық - жеке деректерді қорғау нормасының конституциялық деңгейге көтерілуі. Цифрлық қауіпсіздік пен азаматтардың сенімі осыған тікелей байланысты. Мұндай норманы Конституцияда нақты бекіткен елдер саны аз және Қазақстан осы алдыңғы қатарлы тәжірибеге қосылып отыр. Жалпы алғанда, Конституция жобасы инновация мен цифрландыруды қолдай отырып, қауіпсіздік пен сенім қағидатын қатар ұстанады. Бұл жастарға, зерттеушілерге, технологтар мен кәсіпкерлерге берілген нақты сигнал», - дейді ол.
Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры, саясаттанушы Индира Рыстина конституциялық реформада білім және ғылым мәселесі өте нақты белгіленгенін айтты.

«Конституцияның преамбуласынан бастап негізгі баптарына дейін білім, ғылым және инновация ұғымдары айқын әрі бөлек-бөлек жазылған. Бұл елдің ұзақ мерзімді стратегиялық бағыты ретінде адами капиталдың сапасын арттыру басты мақсат етіп алынғанын білдіреді. Соның ішінде, мемлекеттің стратегиялық даму бағыттарын айқындайтын нормаларда да білім мен ғылымға ерекше мән берілген. Яғни, Конституция деңгейінде бұл салалар елдің негізгі тірек бағыттары ретінде бекітіліп отыр. Бүгінгі таңда білім мен ғылым салаларының негізгі аудиториясы – жастар. Сондықтан Конституциялық реформаның басты сұрақтарының бірі: «жастарды білімге, ғылымға және инновацияға қалай тартамыз?» деген мәселе», - дейді саясаттанушы.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 5,8 миллионнан астам жас бар. Халықаралық болжамдарға сәйкес, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 6 миллионнан 8 миллионға дейін, ал 2050 жылға қарай халықтың жартысына жуығы жастар болуы мүмкін. Сонымен қатар, жастар арасында урбанизация процесі күшейіп отыре, олардың 63 пайызы қалада тұрады.
«Бұл өз кезегінде біліммен, ғылыммен және инновациялық қызметпен айналысатын жастар санының артуына нақты мүмкіндік береді. Осы себепті, білім, ғылым және инновация бағыттарының Конституцияда стратегиялық деңгейде бекітілуі бұл жастарға арналған нақты сигнал. Мемлекет осы салаларды елдің болашағын айқындайтын негізгі басымдықтар ретінде айқындап отыр», - дейді Индира Рыстина.

Өз кезегінде «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Бекзат Алтынбеков жаңа Конституция жобасында білімге, ғылымға және инновацияға ерекше мән берілгенін анық байқауға болады дейді.
«Бұл біздің Ата заңымыздың ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынын көрсетеді. Менің ойымша, осы өзгерістер Қазақстанда ғылым мен білімнің дамуына кең мүмкіндік береді. Тарихқа көз жүгіртсек, ғылымы дамыған ел әрдайым қарқынды дамиды. Кейде бізде адам капиталының әлеуеті жоғары болғанымен, ғылым саласы біршама кешеуілдеп қалғандай әсер қалдырады. Жаңа Конституция осы олқылықтың орнын толтырады деп сенемін. Себебі бүгінде қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың барлығы ғылымға арқа сүйеген жағдайда ғана халыққа да, мемлекетке де нақты пайда әкеледі. Сондай-ақ, ерекше атап өткім келетіні жаңа Конституция жобасы мемлекеттік тілде жазылып, кейін орыс тіліне аударылып отыр. Осы бағытта сегіз жұмыс отырысы өтті. Бұл отырыстарда ұсақ-түйек деген ұғым болған жоқ: мәтіннің мазмұнынан бастап, терминдерге, аударма сапасына, тіпті тыныс белгілеріне дейін мұқият қаралды. Бұрынғы Конституцияда кеткен кемшіліктер толықтай ескеріліп, түзетілді деп есептеймін», - дейді Бекзат Алтынбеков.
Оның айтуынша, жаңадан жазылған бұл Конституция әрбір қазақстандыққа түсінікті, халыққа қызмет ететін басты заң болмақ. Бұл Қазақстан халқы үшін, ел болашағы үшін жасалған маңызды әрі жауапты қадам.