Оқыс оқиға 5 ақпан күні болды
Атырау облысының Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы балта ұстап, қатарластарына шабуыл жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаны облыстық Полиция департаменті ресми түрде растап, агенттік тілшісіне пікір білдірді.
Полицияның мәліметінше, 5 ақпан күні «102» арнасына Құлсары қаласында 10-сынып оқушысының қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған.
«Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, жасөспірім анықталып, ұсталды. Оқиғаға қатысушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді.
Аталған дерек бойынша бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Ішкі істер органдарының есебіне алынды. Жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды», – делінген ПД хабарламасында.
Сондай-ақ жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды.
«Қылмыстық іс аясында қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы білім беру бөліміне ұсыныс енгізілді. Тергеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ оқу орнын күзетуді жүзеге асырған күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», – деп ПД агенттік тілшісіне жағдайды түсіндірді.