$ 498.65  589.06  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қостанай облысында тұрғын үйде жарылыс болып, бір адам қаза болды

Қайғылы оқиға Арқалық қаласында болды

Қостанай облысында тұрғын үйде жарылыс болып, бір адам қаза болды
Фото: Видеодан скрин

Қостанай облысында жазатайым оқиға болды. Газ баллонының жарылуы салдарынан жергілікті тұрғын қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Tobol.info-ға сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай Арқалық қаласында болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, үйлердің бірінде жарылыс болған.

Алайда жарылыс толқыны салдарынан ғимаратқа айтарлықтай зақым келген. Үйдің шатыры қирап, бірнеше пәтердің қабырғалары бүлінген. Жарылыс туралы ақпаратты өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті растады.

«29 қаңтар күні түнде 101 пультіне Арқалық қаласының Северный кентінде орналасқан төрт пәтерлі жеке тұрғын үйде газ-ауа қоспасының жарылысы болғаны, кейін өрт шықпағаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндіру бөлімшелері жетіп, жарылыс салдарынан шатырдың опырылғанын анықтады және бірден үйінділерді тазалау жұмысына кірісті. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр», – деп хабарлады ведомство.

ТЖМ бөлімшелері келгенге дейін оқиға орнынан күйік жарақаттарымен 1979 жылы туған ер адам мен 1984 жылы туған әйел медициналық мекемеге жеткізілген.

Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасында ер адамның қайтыс болғаны хабарланды.

«1979 жылы туған ер адам медицина қызметкерлері көрсеткен шараларға қарамастан көз жұмды. 1984 жылы туған әйел санитарлық авиация арқылы Қостанай облыстық ауруханасына жеткізіліп, қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Науқастың жағдайы ауыр, тұрақты деп бағаланып отыр. Қарқынды терапия жүргізілуде, ол тәулік бойы медициналық мамандардың бақылауында», – деп нақтылады ведомство.