Астана, Алматы, Шымкент және 16 өңірде 5 ақпанға дауылды ескерту жарияланды
Қазақстанның бірқатар аймағында 5 ақпанда күрт суытып, қолайсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды қоса алғанда, 16 өңірде дауылды ескерту жарияланған.
Астанада қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын түсіп, көктайғақ пен жаяу бұрқасын болады. Оңтүстіктен соққан желдің екпіні күндіз 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Алматыда түнде және таңертең тұман түсіп, таулы аймақтарда жел күшейеді. Шымкент пен Түркістанда да оңтүстік-батыстан соққан қатты жел күтіліп отыр.
Қарағанды облысының батысында жаяу бұрқасын жүріп, көктайғақ болады. Түнгі және таңғы уақытта тұман түсіп, желдің екпіні 20 м/с-қа дейін күшейеді. Ұлытау облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, бұрқасын, көктайғақ және тұман күтіледі. Жезқазғанда күндіз жауын-шашынмен қатар, ауа райы күрт нашарлауы ықтимал.
Ақмола облысында аяз күшейіп, түнде ауа температурасы -17…-25 градусқа дейін төмендейді. Ақтөбе облысында да суық күшейіп, алдағы түндері 23–28 градусқа дейін қатты аяз болады деп болжануда.
Маңғыстау, Атырау, Қостанай, Абай, Қызылорда, Жамбыл және Жетісу облыстарында қар, жаңбыр, көктайғақ, тұман мен бұрқасын қатар жүреді. Кей өңірлерде желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Алакөл маңында да қатты жел сақталады.
Синоптиктер тұрғындарды жолға шыққанда сақ болуға, ауа райының күрт өзгеруін ескеруге және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.