Жаңа Конституция қоғамның барлық тобына тең мүмкіндік береді - «AMANAT»
Жаңа Конституция қоғамдағы саяси және әлеуметтік өзгерістерді бейнелейді
«AMANAT» партиясы жанындағы мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңестің отырысында «AMANAT» партиясының әйелдер қанатының төрайымы, партия хатшысы Шолпан Қаринова жаңа Конституция жайлы пікір білдірді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Баршамыз Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа мәтінін әзірлеу секілді ауқымды тарихи оқиғаның куәсі әрі қатысушысы болдық. Бұл жұмыс ашық әрі жария түрде, кең қоғамдық қатысу қағидатына негізделе отырып жүргізілді. Өздеріңіз білетіндей, еліміздің барлық өңірлерінен мыңдаған ұсыныстар келіп түсті, ал пікірлер мен ұсыныстарды жинау үдерісі бүгінгі күні де жалғасып жатыр. Мұндай белсенді талқылаудың себебі түсінікті, себебі Конституция –бүкіл ел өмір сүретін негізгі ережелер жиынтығы», - дейді ол.
Қаринова атағандай, әрбір азаматтың Қазақстанның болашағына өз үлесін қосуға белсенді азаматтық ұстанымын ұсыныстар мен саналы қатысу арқылы білдіруге толық мүмкіндігі бар.
«Ата заң жобасы қоғамда жүзеге асырылып жатқан жүйелі саяси және экономикалық өзгерістерді көрсетіп, ел дамуының жаңа бағдарларын, оның ішінде білім, ғылым және инновациялар саласындағы басымдықтарды айқындайды. Жаңа Конституция жобасы Мәжілісте «AMANAT» партиясы фракциясының отырысында талқыланып, қолдау тапты. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Конституцияның жаңа мәтінін әзірлеу мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құруға бағытталған ауқымды реформаларының қисынды жалғасы екенін атап өтті. Конституция жобасында адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық қызметінің бағыты ретінде танылған.
Азаматтардың белсенді қолдауының дәлелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру, «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын жаппай енгізу жөніндегі тұжырымдамаларының Конституция мәтінінде бекітілуі. Жауапты әрі жасампаз патриотизм қағидаттары басты орынға қойылған», - деді Қаринова.
Ал Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев жаңа Конституция жобасы болашаққа бағытталған, прогрессивті құжат екені сөзсіз екенін айтты.
«Оның іргетасында адамға бағдарланған ұстаным жатыр. Бұл қоғамда инклюзивті ортаны дамытуда, соның ішінде Қазақстанның білім беру жүйесін ілгерілетуде ерекше маңызды. Қазіргі таңда ұлттық деңгейде «Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы» жаңа заң әзірленіп жатқанын білесіздер. Ол осыған дейін жасалған жұмыстардың жүйелі жалғасы. Құжат Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасы, сондай-ақ Сенат депутаттарының бастамасы негізінде дайындалып жатыр. Әзірленіп жатқан заң жобасы балалардың медициналық, білім беру және әлеуметтік қызметтерге үздіксіз қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл олардың сапалы білім алуымен қатар, қоғамда табысты әлеуметтенуі үшін де аса маңызды», - дейді депутат.
Депутат осыған орай, бүгінгі отырыстың күн тәртібіне екі негізгі мәселе шығарылып отырғанын айтты.
- ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеумен қамту, оқу бағдарламалары мен жұмыс жоспарларын бейімдеу;
- техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде инклюзивті оқытуды дамыту (бұл ретте квоталар бөлу, бейімделген бағдарламалар мен ассистивті технологияларды енгізу, практиканы ұйымдастыру және түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелері қарастырылады).
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова атап өткендей, Конституцияның жаңа жобасы әзірленіп, әлемдік тәжірибеде өзін дәлелдеген үздік қағидаттар бекітілген кезеңде педагогикалық қауымдастық, министрлік өкілдері бірлесе отырып, осы құжатты талқылау жұмыстарын бастады.
«Талқылау барысында министрліктің барлық құрылымдық бөлімшелері жеке-жеке қатыстырылып, Конституция нормалары әр бағыт бойынша жан-жақты қарастырылуда. Әрбір норма бойынша негізгі мақсаттар мен ұстанымдар талданып, ортақ көзқарас қалыптастыруға басымдық беріліп жатыр. Бұл жерде педагогикалық қауымдастық үшін басты бағыттардың бірі – адами капиталды дамыту. Білім, ғылым, инновация және мәдениетті өзара ұштастыра отырып, оларды қазіргі заманның негізгі даму тетігі ретінде айқындау көзделген. Сонымен қатар қоғамдағы құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттары Конституция деңгейінде нақты бекітілуі тиіс. Алдағы уақытта бұл жұмыс өңірлерде, мектеп басшыларымен, білім басқармаларымен және аумақтық департаменттермен бірлесіп, бекітілген жоспарға сәйкес жалғасады», - дейді Меделбекова.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде 237 мың мүмкіндігі шектеулі бала бар.
«Оның ішінде 71 мыңы – мектепке дейінгі жаста, 166 мыңы мектеп жасындағы балалар. Олардың басым бөлігі психикалық дамуы тежелген балалар (34,3%), сөйлеу бұзылыстары бар балалар 32%.Қазіргі уақытта инклюзивті білім беру жағдайында балабақшаларда 49 200 бала, мектептерде 138 700 бала білім алуда. Оның ішінде 5 400 бала инклюзивті сыныптарда оқиды. Әрбір баланың білім алу қажеттілігі психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия (ПМПК) қорытындысы негізінде бағаланады. Бүгінде елімізде 124 ПМПК жұмыс істейді, 2026 жылы тағы 8 комиссия ашу жоспарланған (Түркістан облысында – 3, Алматы облысында – 1, Алматы қаласында – 1, Жамбыл облысында – 1). Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін оқу жоспарлары мен бағдарламалар олардың жеке даму ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне бейімделеді. Бұл білім беру жүйесіндегі негізгі талаптардың бірі», - деді ол.
Майра Меделбекова психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу ерекше маңызға ие екенін айтты.
«Қазіргі таңда әрбір мектепте тиісті қызметтер құрылып, олардың құрамына арнайы педагогтар, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар және педагог-ассистенттер кіреді. Жалпы білім беру ұйымдарында 11 мыңнан астам арнайы және психологиялық-педагогикалық маман қолдау көрсетеді. Сонымен қатар инклюзивті сыныптарда 5 мыңнан астам педагог-ассистент, 129 жеке көмекші физикалық сүйемелдеу қызметін атқарады. Педагогтердің инклюзивті білім беру саласындағы біліктілігін арттыру мақсатында жыл сайын шамамен 7 мың педагог арнайы курстардан өтеді. Бұл курстар практикалық бағытта әзірленген», - деді ол.
Оның айтуынша, оқу-әдістемелік сүйемелдеу аясында соңғы алты жылда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 360-тан астам арнайы бағдарлама және 300-ден аса оқулық пен оқу-әдістемелік кешен әзірленіп, қолданысқа енгізілді.
«Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру саласында бүгінде республика бойынша 590 колледжде 5 441 ерекше білім беруді қажет ететін студент 181 мамандық бойынша білім алуда. Колледждердің 92 пайызында мұндай студенттерге қажетті жағдай жасалған. Бұл олардың әлеуметтік және кәсіби ортаға тиімді бейімделуіне мүмкіндік береді. Ерекше білім беруді қажет ететін жастарды дуалды оқыту моделіне тартуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Қазіргі таңда 1 798 студент дуалды оқыту жүйесімен қамтылған. 700-ге жуық кәсіпорын оларды өндірістік тәжірибеден өткізіп, жұмыс орындарымен қамтамасыз еткен. Нәтижесінде 400-ден астам түлек тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл модель ерте кәсіби бағдар беруге және әлеуметтік оқшауланудың алдын алуға ықпал етеді», - деп түйіндеді ол.
Өңірлердегі тнклюзивті білім беру бойынша да баяндамалар тыңдалды. Мәселен, Қарағанды облысында 688 бала кезекте тұр. Қазір осы мәселені шешу мақсатында 10 арнайы мектеп, 3 арнайы балабақша, 6 психологиялық консультация, 2 оңалту орталығы жұмыс істейді.