Тараз қаласының тумалары Санкт-Петербургте тұрған
Ресейде диверсия жасады деген күдікпен Қазақстанның екі азаматы қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ленинград облысының Ломоносов аудандық соты диверсияны топ болып жасады деген күдікке ілінген. 2006 жылы туған Қазақстанның екі азаматына қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады (РФ ҚК 281-бабы 2-бөлігі «а» тармағы).
Тергеу мәліметінше, Тараз қаласының тумалары Санкт-Петербургте тұрған. Құқық қорғау органдарының анықтауынша, ауыр материалдық жағдай мен заңды табыс көзінің болмауына байланысты олар қылмысты ақшалай сыйақы үшін жасауға келіскен.
«Кураторлардың» нұсқауы бойынша күдіктілер Ленинград облысының Ломоносов ауданында ұялы байланыс операторының базалық станциясына тиесілі тарату қалқанын өртеген. Тапсырманы орындағаны үшін оларға 40 мың рубль төлеу уәде етілген.
«Аталған тұлғалар қылмыс орнынан алыс емес жерде таксимен қашпақ болғанда құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстаған. Аталған қылмыс үшін Қылмыстық кодекс баптарының санкциясы он екі жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын ғана көздейді», – делінген хабарламада.