Синоптиктердің болжамы белгілі болды
«Қазгидромет» РМК алдағы бірнеше күнге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, кезеңнің бірінші жартысында Қазақстан аумағының басым бөлігі оңтүстік циклонның ықпалында болады, соған байланысты жауын-шашынды ауа райы күтіледі. 5-6 ақпанда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ пен тұман құбылыстары, боранмен қатар екпінді жел болжанады.
Сондай-ақ оңтүстік-батыс ауа массаларының келуі күндіз ауа температурасының солтүстікте, шығыста және орталықта 3° аяздан 2° жылуға дейін, оңтүстікте 8-17° жылуға дейін, оңтүстік-шығыста 5-15° жылуға дейін көтерілуіне әкеледі.
«Тек кезеңнің соңында солтүстік-батыстан суық ауа массаларының енуіне байланысты жауын-шашынның тоқтауы және ауа температурасының күрт төмендеуі күтіледі», – делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.