Қарабұтақ–Қызылорда–Шымкент тас жолында екі соқтығысқан
Қызылорда облысында жол-көлік апаты салдарынан 20 жастағы азамат көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға 2 ақпанда сағат 13:45 шамасында Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылының маңында, Қарабұтақ–Қызылорда–Шымкент тас жолында болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Тереңөзек кентінен Ақжарма ауылына қарай бет алған Audi 80 автокөлігі қарсы бағытта келе жатқан Шекара қызметі департаментіне тиесілі қызметтік «Урал» жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Қызметтік көлікте жүргізушіні қоса алғанда, 23 әскери қызметкер отырған.
Соқтығысудың салдары ауыр болды. Audi көлігі өртке оранып, жеңіл автокөліктің 20 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Әскери қызметкерлер отырған көлікке де айтарлықтай зақым келген.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда кісі өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу фактісі бойынша жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесіне сай тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды сақтық шараларын күшейтіп, жол ережелерін қатаң сақтауға шақырды.