iPhone, ноутбук, теледидар: Астанада сауда үйінен бірнеше адам 473,6 млн теңгенің техникаларын ұрлаған

Автор: Асыл Арман

Олар 4-8 жылға сотталды

Фото: istockphoto.com

Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен қылмыстық қудалау органы алдын ала сөз байласу арқылы бір жыл бойы әрекет еткен алаяқтар тобын әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Анықталғандай, сауда үйінің қызметкері 10 танысымен қылмыстық келісімге келіп, тұрмыстық техниканы төмен бағамен сатып алу үшін жалған промокодтар рәсімдеген.

Қылмысқа қатысушылар iPhone ұялы телефондарын, ноутбуктерді, теледидарларды, тоңазытқыштарды және басқа да электроника тауарларын сатып алып, оларды үшінші тұлғаларға сатқан. Сауда үйіне келтірілген залал 473,6 млн теңгені құрады.

«Қылмыстың барлық 10 қатысушысы 4 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптар толық көлемде қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген прокуратура хабарламасында.