$ 505.17  599.54  6.59
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

FlyArystan басқа әуе компанияларын зерттеп, жолаушылардың қолжүк мөлшерін 7 кг-ға дейін көбейтті

Бірақ жолаушылар бір ғана қолжүгін көтеріп жүре алады

FlyArystan басқа әуе компанияларын зерттеп, жолаушылардың қолжүк мөлшерін 7 кг-ға дейін көбейтті
Фото: istockphoto.com

FlyArystan әуе компаниясының жолаушылары 2026 жылдың 1 наурызынан бастап ұшақ салонына 7 келіге дейінгі қол жүгін алып жүре алатын болды. Бұған дейін қол жүгінің рұқсат етілген салмағы 5 келі болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сонымен қатар қол жүгінің рұқсат етілген өлшемдері өзгеріссіз қалады – 56×23×36 см.

Әуе компаниясының хабарлауынша, бұл шешім нарыққа жүргізілген кешенді бизнес-талдау нәтижесінде қабылданған. Талдау барысында жолаушылар сұранысының құрылымы, операциялық үдерістердің ерекшеліктері және өзге әуе тасымалдаушылардың тәжірибесі ескерілген.

Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 наурыздан бастап орындалатын барлық рейстерге, билет қашан сатып алынғанына қарамастан, қолданылады. Ал 2026 жылғы 28 ақпанға дейін жоспарланған рейстер бұрынғы ережелер бойынша қызмет көрсетіледі, яғни бір жолаушыға арналған қол жүгінің салмағы 5 келіден аспауы тиіс.

Сондай-ақ FlyArystan әуе компаниясы one-piece concept қағидатын сақтайды. Бұл талапқа сәйкес, жолаушы өзімен бірге тек бір дана қол жүгін ғана алып жүре алады және ол белгіленген салмақ пен көлем нормаларына толық сай болуы қажет.

Тасымалдаушының 2024-2025 жылдардағы деректеріне сәйкес, жолаушылардың шамамен төрттен үш бөлігі ұшақты тек ең аз көлемдегі қол жүгін алып пайдаланып келген.