Елдегі әрбір он төртінші оқушыдан түрлі ауру белгілері анықталған
Көру қабілетінің нашарлауы мен омыртқа дерті мектеп жасындағы балалар арасында жиілеп барады
Қазақстанда өткен жылы жүргізілген профилактикалық медициналық тексерулер барысында мектеп оқушыларының 7 пайызынан түрлі патологиялар анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы 2026 жылғы 2 ақпанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басшылығы мәлімдеді. Мониторинг қорытындысы балалардың денсаулығы әлі де мемлекет тарапынан ерекше назар мен жүйелі қолдауды қажет ететінін көрсетті.
Тексеру нәтижесінде ең жиі кездескен аурулар – көру мүшелерінің патологиялары. Жалпы анықталған сырқаттардың шамамен 40 пайызы көз ауруларына тиесілі. Бұдан бөлек, жүйке жүйесіне қатысты бұзылыстар 9,4 пайызды, ал сколиоз секілді тірек-қимыл аппараты аурулары 6 пайызға жуық үлесті құраған. Кейбір өңірлерде ауруға шалдыққан оқушылардың үлесі 10 пайызға дейін жеткен.
Мамандар бұл жағдайдың негізгі себептерінің бірі ретінде мектептердегі оқу жиһазының балалардың жас ерекшелігі мен физиологиялық дамуына сәйкес келмеуін атап отыр. Парталар мен орындықтардың бойға шақ болмауы, сондай-ақ олардың сынып ішінде дұрыс орналастырылмауы оқушылардың көру қабілетіне, жүйке жүйесіне және омыртқа саулығына кері әсерін тигізуде.