Банк ЦентрКредит компанияға шамамен 3,2 млн еуро несие ұсынды
Банк ЦентрКредит Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) бірлесіп, «Темірсервис Астана» ЖШС компаниясының дамуын қолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Темірсервис Астана» – елордадағы ірі жеке теміржол инфрақұрылымының операторы. Компания қаладағы негізгі өнеркәсіп нысандарын байланыстыратын ұзындығы 45 шақырымнан асатын кірме теміржол желілерін басқарады.
Банк ЦентрКредит компанияға жалпы көлемі 11 000 шаршы метр болатын А санатындағы қойма кешенін салу үшін 1,9 млрд теңгеге дейін (шамамен 3,2 млн еуро) несие ұсынды. Аталған мәміле бойынша несиелік тәуекелдің жартысын ЕҚДБ екі қаржы институты арасындағы тәуекелдерді бөлу туралы келісім аясында өз мойнына алды.
Жобаны іске асыру «Темірсервис Астана» ЖШС-ға жоғары санаттағы заманауи қойма орындарына деген нарықтағы өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, компания жүк айналымын арттырып, қолданыстағы теміржол инфрақұрылымын пайдалану тиімділігін күшейтеді.
Қаржыландыру «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жүзеге асырып отырған «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіледі. Бағдарлама шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің дамуын қолдау мақсатында жылдық 12,6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер беруді көздейді.
Сонымен бірге, «Темірсервис Астана» ЖШС ЕҚДБ-ның Small Business Impact Fund бағдарламасы аясында 142 мың АҚШ долларына дейін гранттық қолдауға ие бола алады. Бұл грант қаражаты компанияның ESG тәжірибелерін жетілдіруге, атап айтқанда, энергия тиімділігін арттыруға, адами ресурстарды дамытуға және корпоративтік есептіліктің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталады.
АРРФР лицензиясы № 1.2.25/195/34, 03.02.2020 ж.