Қолайсыз ауа райы Air Astana рейстерінің кестесіне әсер етті
Алматы әуежайынан ұшатын кейбір рейстердің уақыты өзгерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Air Astana әуекомпаниясы Алматыдан орындалатын бірқатар рейстің уақытынан кеш аттанып жатқанын мәлімдеді. Компанияның ақпаратынша, Airbus A320neo үлгісіндегі әуе кемелерімен орындалатын рейстерге ауа райының қолайсыздығына байланысты операциялық шектеулер енгізілген. Осыған байланысты ұшу кестесінде өзгерістер орын алған. Тасымалдаушы жолаушыларға рейс жай-күйін алдын ала тексеріп алуды ұсынады.
«Әуекомпания сайтына кіріп, рейсіңіздің статусын тексеріп алуларыңызды сұраймыз», — делінген компания хабарламасында.
Air Astana қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыпқа келгеннен кейін рейстердің кестеге сай жүзеге асырылатынын атап өтті.