«Баяғы жартас – сол жартас»: Тоқаев ҚМА-ға алаяқтарға қарсы ерекше тапсырма берді

Автор: Асыл Арман

Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет, дейді президент

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігіне ерекше тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Агенттік қаржы пирамидаларымен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Тек былтырдың өзінде 140-тан астам қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақшы болған 15 мың сайт пен 123 чат жабылды. Алайда қабылданып жатқан шаралар да, түсіндіру жұмысы да жағдайды түбегейлі өзгерте алмай тұр.

Әйтсе де оң үрдіс бар. Неге? Өйткені алаяқтар пирамиданы түрлі қаржы құралдары сияқты ұсынады. Ал азаматтар олардың арбауына түсіп, бар тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатыр», – дейді президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде алаяқтарға қарсы іс-әрекеттің жаңа тәсілдерін ойластыруды тапсырды.

«Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеп, проблеманың түп тамырын анықтаған жөн. Өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, адамдарды түрлі алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет. Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек.

Егер Қаржылық мониторинг агенттігі, Үкімет осындай түзетулерді ұсынса, мен қолдаймын. Мәселені қарастырыңыздар. Осы тектес батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңала қоюы екіталай. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала береді», – деді мемлекет басшысы.