«Бастысы өлтірмеді ғой»: Семейде жұртты шошытқан қыз айыппұлмен құтылды (ВИДЕО)
Оның қоғамдық орында балағат сөз айтқаны ғана есепке алынған
Семейде Аружан есімді қызды аңдып, қорқытқан 24 жастағы қызға қатысты сот шешімі шықты. Жәбірленуші соттың шешіміне наразы шығып, көз жасына ерік берген, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Мен соттан шықтым. Шешіммен келіспеймін. Оған тек 85 мың теңге айыппұл салып берді. Оның қоғамдық орында бейәдеп сөз айтқаны үшін ғана жазалаған. Менің артымнан аңдығаны, қорқытқаны есепке алынбаған. Оның анасы «өзің бірінші бастадың» деп маған жала жапты. Менен тек ол балағат сөз айтып жатқан видеоны ғана сұратты. Оның анасы маған «бастысы өлтірмеді ғой» деп айтты», - дейді Аружан.
Жәбірленуші өз мәлімдемесінде тәртіп сақшылары бұл жерден ешқандай қорқыту байқамағанын айтады.
«Қазір мен өзімнің қауіпсіздігім мен өмірім үшін қорқамын. Сот отырысында анасынан түйреуіш сұрап отырды. Сол жерде маған бірдеңе істеп қойса да, ешкім үлгермейтін еді», - дейді Аружан.
Еске салсақ, соңғы күндері әлеуметтік желіде Семейде болған қорқынышты жағдайдың видеосы талқыланып жатыр: түнгі үште үйіне келіп, подьездің есігін ашып берген бойжеткенге 24 жастағы қыз тап берген. Аружан есімді бойжеткен таңғы 04:00-те жұмысынан үйіне келген. Ол кіреберіс есікті аша берген кезде соңынан бір бойжеткен ере кірген. Подъезге кірер кезде белгісіз қыз ұрыс шығарып, Аружанның бірінші кіргенін талап еткен. Тараған видеоларда ол барлық көршілерін аңдыған болып шықты.