Жетісу облысында айы-күні жетіп, толғатқан тәжікстандық келіншекке полицейлер көмекке жетті (ВИДЕО)
Оқыс оқиға Алматы-Өскемен тасжолында болды
Алматы-Өскемен тасжолында Жетісу облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүкті әйелге жедел көмек көрсетіп, оны Сарқан қаласындағы перзентханаға уақытылы жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызмет барысында полицейлер шетелдік нөмірлі автокөлікті байқап, жүргізушінің өтініші бойынша көмекке келді. Көлік тізгіндеген Тәжікстан Республикасының азаматы жұбайының жүктілігінің соңғы кезеңінде екенін, толғағы кез келген сәтте басталуы мүмкін екенін айтқан.
Жағдайдың шұғыл екенін түсінген полицияның аға лейтенанты Шыңғыс Әубәкіров пен капитан Ринат Рақымбеков автокөлікті ілесіп жүру туралы шешім қабылдады. Экипаж жарық және дыбыс сигналдарын қосып, көлікті қауіпсіз түрде Сарқан қаласындағы ең жақын перзентханаға жеткізді.
Шамамен 40 шақырымдық жол қысқа уақытта еңсеріліп, жүкті әйел дәрігерлердің бақылауына тапсырылды. Полицейлер оның жағдайы тұрақты екеніне көз жеткізгеннен кейін қызметтерін жалғастырып, автожолда патрульдеуге қайта кірісті.
Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай жағдайларда басты міндет – азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету және дер кезінде көмек көрсету.