$ 502.27  597.15  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қостанай облысында 2,2 млрд теңгеге салынған мектептің шатыры қирап қалды

Сот 266 млн теңгеден астам қаражатты өтеуге міндеттеді

Қостанай облысында 2,2 млрд теңгеге салынған мектептің шатыры қирап қалды
Көрнекі фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Қостанай облысында миллиардтаған теңге жұмсалған мектепте апат болды. Салдарынан сот мердігерді мемлекетке жүздеген миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоғарғы соттың мәліметінше, 2021 жылы мемлекеттік орган мен ЖШС арасында 2,2 млрд теңгеге 2023 жылғы 31 желтоқсан дейін аяқталуы тиіс білім беру нысанын салу туралы келісімшарт жасалған. Алайда шартта белгіленген мерзімнің өтуіне қарамастан, нысан пайдалануға берілмеген, бұл мердігердің өз міндеттемелерін тиісінше орындамағанын көрсетеді.

2024 жылғы қаңтарда нысанда, атап айтқанда мектептің спорт залының шатыры қирап қалған. Кешенді тексеру нәтижелері бойынша жасалған техникалық қорытындыға сәйкес, апаттың себебі стропильді фермаға рұқсат етілмейтін көлденең жүктеменің түсуі болған. Аталған әсер дәнекерленген жіктің бұзылуына және тірек конструкцияларының деформациясына әкелген, бұл жобалық құжаттама мен құрылыс нормаларының бұзылғанын айғақтайды.

«Жинақталған сметалық есепке сәйкес, құлау себептерін жою, конструкцияны қалпына келтіру және құрылысты аяқтау үшін 260 млн теңгеден астам қаражат қажет, бұл орындалған жұмыстарда елеулі ақаулар бар екенін көрсетеді. Апат салдарын жою және құрылысты аяқтау мақсатында мемлекеттік орган авторлық және техникалық қадағалау жүргізуге, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс жұмыстарын орындауға жалпы сомасы 266 млн теңгеден астам болатын жекелеген шарттар жасасқан. Бұл шығындар мемлекеттік орган тарапынан шарттың тиісінше орындалмауынан келтірілген залал ретінде мердігерден өндіріп алуды талап етілді.

Талап қоюға қарсы уәж келтіре отырып, ЖШС өкілі құрылыс фермаларының шамадан тыс жүктелуі құбырлар мен патрубкалардағы судың қатып қалуы, жылымық кезеңінде шатыр бетінің суға толуы және кейіннен құбырлардың мұзбен бітелуі салдарынан болғанын алға тартты. Оның пікірінше, бұл жағдайлар инженерлік коммуникациялардың уақытында тартылмауына байланысты ғимаратта жылудың болмауынан туындаған, ал бұл үшін ол жауапкершілікті тапсырыс берушіге жүктеуге тырысқан.

Алайда сот жауапкердің дәлелдері оның шарттық және кәсіби жауапкершілігін жоққа шығармайтынын көрсетті. Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты істі қарай отырып, шарт талаптарына сәйкес мердігер орындалған жұмыстардың сапасына, қолданылған материалдарға, құрылыстың жобалық құжаттама мен техникалық талаптарға сәйкестігіне толық жауапты екенін атап өтті», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ мердігер конструкциялардың сенімділігі мен қауіпсіздігіне кепілдік берген және шарт талаптарының тиісінше орындалмауынан тапсырыс берушіге келтірілген залалды өтеу міндеттемесін өзіне алған. Сот ықтимал қолайсыз пайдалану немесе климаттық факторлар жобалау және құрылыс кезеңінде мердігер тарапынан ескерілуі тиіс екенін, ал олардың салдары конструктивтік ақаулар үшін жауапкершіліктен босатуға негіз бола алмайтынын атап өтті.

Мердігердің әрекеттері мен туындаған салдар арасындағы себеп-салдарлық байланысты ескере отырып, сот талап қоюшының талаптарын негізді деп танып, оларды толық көлемде қанағаттандырды. Сот ЖШС-ны облыстық бюджетке мектептің спорт залындағы шатырдың құлау себептерін анықтауға, сондай-ақ оқиғаның салдарын жоюға және мектеп құрылысын аяқтауға жұмсалған шығындарды қоса алғанда, 266 млн теңгеден астам қаражатты өтеуге міндеттеді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.