Атыраудағы экологиялық ахуал ушығып тұр: күкіртсутек мөлшері нормадан 36 есе асты
Мұнай өңдеу зауыты маңындағы елді мекендерде экологиялық ахуал күрт нашарлады
Атырау қаласының бірқатар аумағында атмосфералық ауадағы күкіртсутек концентрациясы шекті рұқсат етілген мөлшерден бірнеше есе асып кеткені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, жүргізілген мониторинг нәтижесінде Кенөзек ауылдық округіне қарасты Тасқала ауылында күкіртсутек деңгейі 17,5 есе, Тасқалаға іргелес аумақта 15 есе, ал Химпосёлок ауданында 36,3 есе артық тіркелген. Аталған аумақтардың барлығы Атырау мұнай өңдеу зауытының маңында орналасқан.
Қала тұрғындарының ауа сапасына қатысты шағымдарына және кезекші топтың кестесіне сәйкес, «Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының мамандары арнайы сынама алу жұмыстарын ұйымдастырған. Өлшеулер Тасқала ауылы, оған іргелес аумақ және Химпосёлок ауданында жүргізілген. Ресми мәлімдемеде сынама алу сәтіндегі метеорологиялық жағдай да нақтыланған.
«Сынама алу кезеңінде желдің бағыты солтүстік–солтүстік-шығыс, ауа температурасы –9 градус, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 81 пайызды құраған. Аталған ақпарат қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдау үшін барлық уәкілетті мемлекеттік органға жолданады», — делінген хабарламада.
Осы жағдайға байланысты Кеңөзек ауылдық округіне қарасты саяжай тұрғындары алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, 23 қаңтардан бері ауадағы күкіртсутектің шамадан тыс көбеюі тұрғындардың денсаулығына кері әсер ете бастаған. Әсіресе түнгі уақытта иіс күшейіп, далаға шығу мүмкін болмай қалған.
«АМӨЗ-ден шыққан иіс бізді ауру қылып отыр. Үлкендерде қан қысымы көтерілсе, балалар эпилепсия, сүйек ауруына шалдығып жатыр. Осы уақытқа дейін мен Махамбет ауданында тұрдым. Ол кезде балаларым сап-сау болды. Соңғы 4-5 күннен бері мазамыз кетті. Үйден шыға алмай қалдық, терезе де аша алмаймыз. Бүгін сыртқа шыққан бойда көзім жасаурап, жүре алмадым. Зауыт әр аптаның жұмасынан дүйсенбі сағат 07:00–ге дейін ауаға шығарындарынды шамадан тыс көп жібереді», — деді саяжай тұрғыны Гүлнәр Молдағалиева.
Ал Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі кәсіпорын зертханасы тұрғындар көрсеткен аумақтан сынама алып, зерттеу жұмысына кіріскенін хабарлады. Нәтижелері қосымша жарияланатыны айтылды.