Ыстанбұлда өзбекстандық әйелдің мәйіті қоқыс жәшігінен табылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Шишли ауданындағы қанды қылмыс бойынша тергеу жүріп жатыр

Фото: Sabah.com

Түркияның Ыстанбұл қаласында полиция қоқыс жәшігінен Өзбекстан азаматшасының мәйітін тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Sabah басылымының мәліметінше, қайғылы оқиға Шишли ауданында болған. Қағаз жинаумен айналысатын азамат қоқыс жәшігінің ішінен ақ жаймаға оралған әйелдің денесін байқап, дереу құқық қорғау органдарына хабар берген.

Полиция жүргізген жедел тексеру барысында марқұмның жеке басы саусақ іздері арқылы анықталды. Ол 37 жастағы Өзбекстан азаматы Дурдона Хакимова болып шыққан.

Оқиға орны қоршауға алынып, кешенді тергеу амалдары басталды. Құқық қорғау органдары қылмыстың себептері мен мән-жайын анықтауға кіріскен. Қазіргі таңда күдіктілер мен қылмыстың қалай жасалғаны жөнінде ресми ақпарат жарияланған жоқ.