Ата заңға адам құқықтарын күшейтетін жаңа нормалар ұсынылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Артур Ластаев өмір сүру құқығын абсолюттік құндылық ретінде бекітуді ұсынды

Фото: gov.kz

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Конституциялық комиссияның алғашқы отырысында Ата заңды жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсынысын жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Омбудсмен адамға бағдарланған тәсілді күшейтіп, азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын Конституцияның өзегіне айналдыру қажет екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Конституцияда өмір сүру құқығы абсолюттік деңгейде бекітілуі тиіс. Бұл құқықтан ешкім өз еркімен де, мемлекет шешімімен де, тіпті ең ауыр қылмыс жасаған жағдайда да айырылмауы керек.

«Конституцияда өмір сүру құқығы барынша абсолюттік дәрежеде болуы қажет, одан ешкім өз еркімен бас тартпайтынын, тіпті ең ауыр қылмыс үшін де, мемлекет тарапынан да алынбайтынын кепілдендіру қажет. Бұл – адам мен оның өмірі шын мәнінде елдің басты құндылығы екенін, басқа кез келген мүдделерден маңызды екенін білдіретін берік қағида», – деп атап өтті омбудсмен.

Сондай-ақ Артур Ластаев барлық негізгі құқықтар мен бостандықтарды Конституцияның адам құқықтарын қорғауға арналған жеке бөліміне жинақтауды ұсынды. Оның айтуынша, бұл тәсіл бірқатар шетелдік мемлекеттердің конституциялық тәжірибесіне сай келеді.

Омбудсмен Конституцияда өзіне және жақын туыстарына қарсы куәлік бермеу, сондай-ақ өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті болмау құқығын нақты әрі айқын бекіту қажеттігін айтты. Мұндай қорғау нормалары діни қызметкерлерге де қатысты болуы тиіс. Әсіресе діни рәсімдер барысында алынған ақпараттың құпиялығы заңмен қорғалуы керек. Негізгі құқықтар туралы бөлімде басты назар кінәсіздік презумпциясына аударылуы қажет екенін де атап өтті.

«Конституцияда өзіне, жақындарына қарсы куәлік бермеу және өз кінәсіздігін дәлелдеуден бас тарту құқығы тайға таңба басқандай жазылуы қажет. Адам оқиға орнында ұсталса да, кінәсін мойындап арыз жазса да, қоғам алдында бастапқыда «жазықсыз» деп саналуы керек. Яғни, сот оны айыпты деп танығанша», – деп түйіндеді Ластаев.

Бұдан бөлек, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл әділдік пен жазаның сәйкестігіне қатысты халықаралық қағидаттарды Конституцияда тікелей бекітуді ұсынды. Бұл бағыттағы негізгі талаптардың бірі - бір іс үшін қайта жазалауға жол бермеу. Сондай-ақ ол азаматтардың өз құқықтарының тұрақтылығына сенімді болуы аса маңызды екенін атап өтті.

«Бір кездері заңды болған, кейін тыйым салынған нәрсе үшін адамды жазалауға болмайды. Себебі заңдар «өткен уақытпен» өзгеретін болса, ешкім өз өмірі мен жұмысын сенімді жоспарлай алмайды», – деді омбудсмен.

Бұл қағида сөз бостандығы мен ақпарат тарату құқығына да тікелей қатысты. Артур Ластаевтың айтуынша, өз ойын еркін айту құқығы басқа азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуі тиіс.