Олимпиада чемпионы әлеуметтік желідегі төбелеске қатысты шудан кейін алғаш рет пікір білдірді
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен төбелеске қатысты жағдайдан кейін алғаш рет ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желі арқылы жариялаған жазбасында ол мемлекеттік қызметші ретіндегі жауапкершілігі мен ұстанымын нақты атап өтті. Сәпиевтің айтуынша, ол қызмет бабында мемлекеттік қызметшінің әдеп қағидаттарын қатаң сақтайды және кез келген арандатуға ермейді.
«Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тарап жатқан жағдайға байланысты келесіні атап өткім келеді. Мен мемлекеттік қызметші ретінде өз міндеттерімді атқару барысында мемлекеттік қызметшінің әдеп қағидаттарын қатаң сақтаймын. Бала кезімнен бапкерлерім маған рингтен тыс жерде күш қолдануға болмайтынын үйретті. Өз мүмкіндігімді жақсы бағалаймын және әрбір іс-әрекетім үшін жауапкершілік арқалайтынымды толық түсінемін», — дейді ол.
Өзінің мәлімдемесінде Серік Сәпиев атқарған қызметіне сай жауапкершілікті толық сезінетінін атап өтті. Оның сөзінше, аталған жағдай жан-жақты қаралып, түпкілікті жабық деп танылған.
Айта кетейік, бүгін әлеуметтік желіде Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев өзінің орынбасары Дәурен Есімхановпен төбелескені туралы ақпарат таралған. Кейін екеуінің арасындағы кикілжіңнің видеосы тарап кеткен болатын.
Кейін ММА бойынша әлем чемпионы Айдар Махметов кикілжіңнің себебі қызметтік мәселеге байланысты болғанын айтып, тараптар арасында күш қолдану фактісі болмағанын мәлімдеді.