Төлемді кешіктірген тұрғындарға шектеу мен өсімпұл қолданылуы мүмкін
Ақтау қаласы тұрғындарының коммуналдық қызметтер үшін жинақталған берешегі 2 миллиард теңгеден асып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Каспий жылу, су арнасы» МКК-нің мәліметінше, қала халқының «МАЭК» ЖШС алдындағы қарызы 1 млрд 769 млн теңгеге жеткен. Ал «ҚЖСА» МКК-ге тиесілі берешек көлемі 293 млн теңгеден асады.
Коммуналдық кәсіпорын өкілдері тұрғындарға төлем тәртібін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Қолданыстағы талапқа сәйкес, коммуналдық қызметтер үшін төлемдер ай сайын 25-іне дейін толық төленуі тиіс. Белгіленген мерзімде қарыз өтелмеген жағдайда қызметтерді шектеу, қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу және өсімпұл есептеу сияқты шаралар қолданылуы мүмкін.
Сондай-ақ мекеме мамандары төлемдердің қай ұйымға жүргізілетінін тағы бір мәрте нақтылап өтті. Ауыз су, техникалық және ыстық су, сондай-ақ жылу энергиясы үшін төлемдер «МАЭК» ЖШС-не аударылады. Ал су бұру, сумен жабдықтау және жылыту қызметтері бойынша төлемдер «Каспий жылу, су арнасы» МКК арқылы жүзеге асырылады.