Сарышұнақ аяз: төрт облыстағы магистральды жолдарда қозғалыс шектелді
«Қазавтожол» рейстік автобустар мен дизельді автокөліктердің қозғалысын уақытша тоқтатты
Қазақстанның төрт облысында қақаған аязға байланысты дизель қозғалтқышы бар көліктер мен рейстік автобустардың жолға шығуына уақытша тыйым салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазавтожолдың» мәліметінше, 22 қаңтар күні сағат 21:00-ден бастап Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстарында көлік қозғалысы шектелді. Бұл өңірлерде ауа температурасы -30-35 градусқа дейін төмендеп, жолдағы қауіп-қатер күшейген.
Мамандардың айтуынша, мұндай суықта дизель отыны қатып, көлік жүйелері істен шығуы мүмкін. Бұл жол апаттары мен төтенше жағдайлардың туындау қаупін арттырады. Осы себепті жауапты қызметтер алдын алу мақсатында қозғалысты уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Шектеу енгізілген негізгі бағыттар:
– Астана – Петропавл,
– Көкшетау – Кішкенекөл – Ресей шекарасы,
– Қостанай – Рудный – Денисовка – Қарабұтақ,
– Астана – Атбасар – Жақсы – Қостанай.
Сонымен қатар, Петропавл, Көкшетау және өзге де елді мекендерге кіреберіс жолдар жабылды.
«Қазавтожол» ауа райы жақсарғанда қозғалыс қайта жанданатынын хабарлады. Құзырлы органдар тұрғындарды алыс жолға шықпауға, сапарды кейінге шегеруге және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.