СҚО-да 30 градус аязда адасып кетіп, ес-түссіз жатқан ер адамды учаскелік инспектор құтқарып қалды
Сол түні ол қонақтан сәл масаң күйде шыққан
СҚО-да учаскелік инспектор аязды түні адасып кеткен азаматты құтқарды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
14 қаңтар күні шамамен сағат 01:00-де учаскелік полиция инспекторы Бекзат Қайсаев қызмет көрсететін аумағын аралап болғаннан кейін үйіне қайтып келе жатқан кезде ауыл тұрғындарының бірі қоңырау шалып, ағасының жоғалғанын хабарлаған.
Жоғалған азамат – жұмыс істейтін, есепте тұрмайтын, спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланбайтын адам. Қонақтан сәл масаң күйде шығып, үйіне қайтар жолда адасып кеткен. Ал ол түні ауа температурасы -30 градустан төмен түскен.
Бекзат Қайсаев жедел түрде шақыртуға шығып, арызданушымен бірге іздестіру жұмысын бастады. Шамамен 30 минуттан кейін полицей елді мекеннің бір қараңғы көшесінен жоғалған азаматты ес-түссіз күйде тапты. Ер адам үйіне жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілді, қолдары жылы суға салынды.
Қазіргі уақытта 37 жастағы ауыл тұрғыны медициналық мекемеде. Дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстап отыр. Полиция қызметкерлері төмен температура жағдайында барынша сақ болуға шақырады.