Ол алаяқтарға 850 мың теңгесін аударып жіберген
Жетісу облысының прокуратурасы интернет-алаяқтардан зардап шеккен азаматтың ақшасын қайтарып алып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Талдықорған қаласының прокуратурасы интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматқа ақшалай қаражатын толық көлемде қайтарып берді. Сәтті операция қаржылық активтерді қорғаудың заманауи цифрлық құралдарын қолданудың арқасында мүмкін болды.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде прокурорлар ҚР Ұлттық Банкінің «Антифрод-орталығы» платформасында инцидент құруға бастамашылық етті. Бұл ұрланған ақша түскен банктік шоттарды жедел анықтауға және бұғаттауға мүмкіндік берді.
«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заң нормаларына сәйкес қабылданған шаралардың нәтижесінде, 850 000 тенге ұрланған сома күдіктілердің шоттарынан алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Жетісу облысының прокуратурасы ескертеді: киберқылмыспен күресте уақыт факторы шешуші рөл атқарады. Құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгіну және транзакциялар туралы деректерді ұсыну – қаражатты бұғаттау мен қайтарудың жоғары кепілі», – делінген прокуратура хабарламасында.
Азаматтардың құқықтарын қорғау және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл прокуратура органдарының қадағалау қызметіндегі басым бағыттары болып қала береді.