$ 505.71  591.43  6.65
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан президентінің бастамалары елдің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы беделін күшейтеді – сарапшы

Ол елде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының талаптары орындалып жатқанын айтты

Қазақстан президентінің бастамалары елдің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы беделін күшейтеді – сарапшы
Фото: https://1news.az/news

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың V Ұлттық құрылтайдағы бастамаларына қатысты Әзербайжанның белгілі сарапшы, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі Ильгар Велизаде өз пікірін білдірді. Сарапшы соңғы жылдары Қазақстанда билік институттарын жетілдіру және мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты қалыптастыру саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан президенті үшін билік институттарының өз қызметін тиімді орындауы аса маңызды. Ол билік халыққа қызмет етуі тиіс екенін, керісінше болмауы керегін бірнеше рет атап өтті. Әкімшілік тетіктерді, соның ішінде жоғары мемлекеттік органдар деңгейінде жетілдіру бүкіл билік жүйесінің тек атқарушы ғана емес, заң шығарушы биліктің де тиімділігін арттыруға ықпал етеді», - дейді Ильгар Велизаде

Сарапшы айтқандай, билік пен қоғам арасындағы диалог неғұрлым тиімді форматта құрылып жатыр.

«Меніңше, осы тәсіл барлық өзгерістің негізінде жатыр. Жалпы алғанда, бұл Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметінің басында жариялаған «Халық үніне құлақ асатын  мемлекет» тұжырымдамасымен үйлеседі. Қазір бұл тезис дамып, жаңа мазмұнмен толығып отыр. Шын мәнінде, бұл үдерістердің қарқынын арттыру мен оларды жандандыруға қажетті жағдайлар пісіп-жетілді. Қазіргі таңда байқалып отырған жағдай қазақстандық қоғамның даму логикасына толық сәйкес келеді әрі Қазақстанның айналасында, оның шекаралары бойында болып жатқан өзгерістермен де үндеседі», - деді ол.

Саарапшы атағандай, сыртқы факторларды да ескеру маңызды.

«Ішкі деңгейде шешім қабылдаудың жеделдігі, икемділігі мен тиімділігі елдің халықаралық аренадағы ұстанымына тікелей әсер етеді. Мемлекет сыртқы сын-қатерлерге, қауіптер мен тәуекелдерге, жылдам өзгеріп жатқан жаһандық үдерістерге анағұрлым тиімді жауап бере алады. Сондықтан әңгіме тек ішкі реформалау туралы емес, қоғамның ішкі даму динамикасымен де, сыртқы жағдайлармен де үйлестірілген үдеріс туралы болып отыр. Түптеп келгенде, бұл қазақстандық мемлекеттің жалпы тиімділігін арттыру және қазіргі әлемде барған сайын қауіпті сипат алып отырған тәуекелдер мен сын-қатерлерге төзімділігін күшейту мәселесі», - дейді Ильгар Велизаде.

Ол атағандай, бүгінде сыртқы факторлар әртүрлі өңірлер мен елдердегі ішкі үдерістерге айтарлықтай ықпал етіп отыр.

«Осы тәуекелдерді барынша азайту үшін тиімді өңірлік қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру қажет, және бұл үдерісте Қазақстан жай ғана қатысушы емес, осы процестің бағытын айқындайтын ел ретінде белсенді рөл атқарып келеді. Қазақстан көршілерімен де, негізгі өңірден тыс ойыншылармен де жақсы қарым-қатынаста, қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінің күрделілігі мен ерекшелігін терең түсінеді. Сонымен қатар Қазақстан президентінің өзі әлемдік саясаттың күрделі түйіндерін жақсы меңгерген тәжірибелі дипломат әрі саясаткер екені де маңызды. Ол көп мемлекет басшыларымен сенімді әрі жылы қарым-қатынас орнатқан, олардың арасында үлкен бедел мен сенімге ие, әрине, Қазақстанның әртүрлі күш орталықтарының қақтығысына тартылу тәуекелін төмендетеді», - деді Велизаде.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан әртүрлі сыртқы ойыншылардың өз аумағындағы мүдделерін бір-бірімен қатаң бәсекелестікке бармай-ақ жүзеге асыруына мүмкіндік беретіндей етіп теңестіріп отыр.

«Комплементарлы, бітімгерлік саясаттың мәні де дәл осында. Бұл саясат өзінің тиімділігін іс жүзінде әлдеқашан дәлелдеді және бүгінгі таңда жаңа халықаралық шындықтарға бейімделіп отыр. Қазақстан бүгінде тек көршілес өңірлердегі үдерістерге ғана емес, Таяу Шығыс күн тәртібіне де белсенді түрде араласып келеді. Бұл кездейсоқ емес. Қазақстанның халықаралық беделінің өсуі, экономикалық әлеуетінің артуы және Таяу Шығыстың әртүрлі елдерімен өзара іс-қимылының кеңеюі осы ерекше өңірде белсенді сыртқы саясат жүргізуді де талап етеді», - деп түйіндеді ол.

Еске салсақ, 20 қаңтарда Қызылорда қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті.