Комиссия құрамына кімдер кіргені белгілі болды
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің тапсырмасымен энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Теңіз кен орнына барып, жағдайды бақылауда ұстау және оператормен өзара іс-қимылды үйлестіру жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 18 қаңтарда болған технологиялық бұзушылықты (газ турбиналық қондырғыларының өшуі) толық анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, жұмысқа кірісті.
Комиссия құрамына мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетінің аумақтық департаменті, Атырау облысы әкімдігінің энергетика басқармасы, «KEGOC» және «Теңізшевройл» өкілдері кірді.
Мұнай өндіруді уақытша тоқтату оператор (ТШО) тарапынан персоналды және жабдықты қорғау мақсатында қауіпсіздік протоколдарына сәйкес қабылданған.
Қазіргі уақытта комиссия болған жағдайдың себептерін егжей-тегжейлі техникалық талдауда. Барлық ресми қорытынды мен пікір тек комиссия жұмысының нәтижесі бойынша жарияланады.
Жағдай Энергетика министрлігінің бақылауында.