Бектенов цифрландыру саласында көзбояушылық болмауы керек дейді
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында Ұлттық құрылтай кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын жіктеп, үкіметке жаңа міндеттерді жүктеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы өз сөзінде цифрландыруды жедел дамыту мен жасанды интеллектіні енгізудің маңыздылығын атап өтті.
«Нақты айтқанда, елімізді жаһандық цифрлық экономиканың экожүйесіне енгізу міндеті қойылып отыр. Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге әзірленіп жатқан «Digital Qazaqstan» бағдарламасында цифрландырудың үздік тәжірибелерін енгізу арқылы мемлекеттік функцияларды оңтайландыруды қарастыруы қажет. Ауқымды цифрлық жобаларды іске асыру еліміздің энергетикалық балансын ескере отырып, сенімді әрі қауіпсіз it-инфрақұрылым қалыптастыруды қажет етеді. Екібастұздағы деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру жобасын шұғыл түрде іске асыру керек. Жалпы цифрландыру бағытында науқаншылдыққа, көзбояушылыққа жол берілмесін. Нақты іс-әрекет, нақты нәтиже керек», - деді ол.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда көмір генерациясын дамытудың және жаңа жылу электр орталықтары жобаларын іске асырудың маңыздылығын атап өткен болатын.
«Осыған байланысты «Самұрық-Қазына» қорына қаңтар айының соңына дейін Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында Жылу электр орталықтарын салу жобаларын іске асыру бойынша келісім-шарттарды бекітуді тапсырамын. Құрылыс жұмыстарына алдымыздағы сәуір айында кірісу керек. 2-ші ГРЭС-ті кеңейту бойынша құрылыс барысын ерекше бақылауға алу қажет.Сондай-ақ биыл Курчатовтағы Жылу электр орталығы және Екібастұздағы 3-ші ГРЭС жобаларының техникалық құжаттамасын дайындауды аяқтау керек.Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде Көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеп, Үкіметке енгізсін», - деді ол.
Үкімет басшысы атағандай, мемлекет басшысы елде энергия ресурстарына сұраныс өсіп отырған қазіргідей жағдайда геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру, көмірсутектердің жаңа кен орындарын игеру және ірі газ өңдеу зауыттарын уақтылы іске қосу қажеттігін атап өтті.
«Энергетика министрлігіне «Самұрық-Қазына» қорымен бірге ақпан айының соңына қарай мұнай мен газдың жаңа кен орындарын игерудің егжей-тегжейлі жоспарын енгізуді тапсырамын.Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қоры газ өңдеу жобаларын іске асыру кестесінің сақталуын қатаң бақылауды қамтамасыз етіп, ай сайын мені тікелей хабардар етіп отырсын», - деді Бектенов.