Комиссия елдегі өлім-жітімді санап үлгермей жатыр – ДСМ

Сондықтан, коронавирус инфекциясынан болған өлім-жітім статистикасы аптасына бір рет айтылады

Комиссия елдегі өлім-жітімді санап үлгермей жатыр – ДСМ
Фото: ашық дереккөзден

Өткен аптадан бастап еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан болған өлім-жітім фактілерін бұрынғыдай күнде емес, аптасына бір рет айтамыз деген шешімге келді. Бүгін журналистердің сұрағына жауап берген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мұндай форматқа ауысудың себебін түсіндірді.

«Комиссия ақпаратты өңдеп үлгере алмай жатыр. Бұрын күніне 1-2 адам өлген кезде комиссия үлгеретін, ал қазір мұндай жағдай көбейді. Адам коронавирустан өлді ме, әлде, созылмалы ауруынан өлді ме, оны комиссия анықтайды. Осы комиссиядағы көптеген әріптестеріміз вирус жұқтырып алды. Тиісінше, ақпарат алу жеделдігі де азайды. Сондықтан, қосымша жұмыс күшін тартамыз», - дейді Цой.

Айта кетейік, өткен аптада 30 маусым мен 6 шілде аралағында елде 76 адам коронавирустан көз жұмды. Комиссия бұдан бөлек, әлі 110 адамның өлімін тексеріп жатыр.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.