Хромтауда жарылыс болып, шағын ғимараттың шатыры көкке ұшты (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Хромтауда газ жабдығы жарылып, адамдар зардап шекті

Фото: Видеодан скрин

Хромтауда газ жабдығы жарылып, салдарынан бірнеше адам зардап шекті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде жарияланды. Жарылыс көпқабатты тұрғын үйлердің жанында орналасқан бір қабатты шағын ғимаратта болған.

Жарияланған кадрларға қарағанда, жарылыстың күші соншалық — ғимараттың шатыры ұшып кетіп, кейін өрт шыққан.

Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 19 қаңтар күні шамамен сағат 17:45-те болған.

Жарылыстың себебі

ТЖД мәліметінше, ғимаратта ыстық сумен жабдықтауға арналған газ жабдығы жарылған.

Кейінірек 12 литрлік газ баллонындағы газ-ауа қоспасы себеп болғаны анықталды. Соның салдарынан газ бен жалын кенеттен сыртқа шығып, ғимарат қираған.

Оқиға орнына жедел түрде екі өрт сөндіру автоцистернасы; өртке қарсы қызметтің жеті қызметкері жіберілді.

Өрт оқшауланып, жалынның тұрғын үйлерге таралуына жол берілген жоқ.

Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді

Оқиға орнынан 30 бен 60 жас аралығындағы бес адам күйік жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді.

«Бір науқас жансақтау бөлімінде, оның денесінің 20 пайызы күйген, төртеуі – травматология бөлімінде», – деп хабарлады Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Қажетті тексерулер мен сараптамалар тағайындалды.