Ұландық сарбаз ант қабылдау рәсімінде сүйіктісіне тосынсый жасады
Астанада жас жігіт ант қабылдап, әскер кетер алдын 700-ден астам сарбаздың ортасында сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиған Астанадағы 5573 әскери бөлімінде өткен ант қабылдау рәсімінде болды. Жас сарбаз Алмас Абдрахов саптан шығып, сүйіктісі Томириске үйлену туралы ұсыныс айтты. Болашақ жарының келісімін алған Алмас Балтабайұлы әскерден оралған соң үйлену тойын жасауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл оқиғаға әскери бөлімнің жеке құрамы, 3000-ға жуық ата-ана мен сарбаздардың туыстары куә болды.
Іс-шара барысында әскери бөлім командирі Жандар Әшірбеков сөз сөйлеп, әскери анттың әр сарбаз үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
«Әскери ант – жай ғана сөз емес, ол Отанға, халыққа, ата-анаға деген адалдықтың айқын көрінісі. Сіздер артылған сенімді ақтап, Ұлттық ұлан жауынгеріне лайықты қызмет атқарады деген үміттемін», – деді Жандар Әшірбеков.
Енді қатардағы Алмас Абдрахов бастаған жауынгерлер қала көшелерінде және маңызды іс-шаралар кезінде жауынгерлік қызмет атқаруға кіріседі.
Айта кетейік, рәсім соңында жеке құрам сап түзеп, әскери техникалардың қатысуымен шеру өтті.