Ғалымдар коронавирустан кейін мидың микроструктурасы өзгеретінін анықтады
МРТ жасағанда мидағы өзгерістер көрінген
Мұндай қорытындыға Гриффит университетінің ғалымдары келген. Зерттеу нәтижелері Brain, Behavior, & Immunity – Health журналында жарияланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зерттеуге 18 бен 65 жас аралығындағы 47 адам қатысты. Олардың ішінде ұзаққа созылған COVID-19 дерті бар 19 науқас, толық сауығып кеткен 12 адам және 16 сау ерікті болды. Барлық қатысушылар кешенді МРТ тексеруінен өтті. Ғалымдар нейрон өсінділерін қорғайтын қабық миелин деңгейін, мидың ақ затының тұтастығын және негізгі метаболиттердің мөлшерін бағалады.
Ұзақ COVID-19 бар адамдарда МРТ мидың нақты аймақтарында өзгерістерді көрсетті. Қозғалыс қыртысында және жадымен байланысты аймақта (ортаңғы самай иірімі) миелин сигналы өзгерген. Бұл жүйке талшықтарының қабынуын немесе қайта құрылуын білдіруі мүмкін. Ал қозғалысты, ұйқыны және сергектік деңгейін реттеуге қатысатын мишық пен ми бағанасында тіндердің микроқұрылымы бұзылғанының белгілері анықталған, бұл созылмалы шаршаумен байланысты болуы ықтимал.
Химиялық талдау COVID-19 жұқтырғаннан кейін мида энергетикалық алмасу мен иммундық реттеуде маңызды рөл атқаратын глутамин деңгейінің төмендейтінін, ал N-ацетил-аспартат деңгейінің артатынын көрсетті. Авторлардың болжамынша, бұл нейрондардың зақымдануы емес, керісінше метаболикалық күйзелісті өтеуге бағытталған бейімделу әрекеті.
Сонымен қатар, мұндай өзгерістер қалдық белгілері жоқ адамдарда да анықталған. Бақылау тобымен салыстырғанда оларда прецентралды иірім мен жады және зейін процестеріне қатысатын артқы белдеулі қыртыста айырмашылықтар байқалған. Бұл тіпті клиникалық тұрғыдан «жеңіл» өткен немесе толық жазылған COVID-19 инфекциясының өзі ми тіндерінің қайта құрылуымен қатар жүруі мүмкін екенін көрсетеді.