Мамандар елді мекен маңындағы барлық күмәнді учаскелерді сүзіп шыққан
Атырау облысының Жангелдин ауылында із-түзсіз жоғалған отбасын іздеу шараларында өзгеріс болды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабалинаны іздеу жұмыстарын уақытша тоқтатқанын хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Департамент өкілдерінің айтуынша, құтқару бөлімшелері Полиция департаментінің ресми өтініші негізінде жұмылдырылған болатын. Мамандар елді мекен маңындағы барлық күмәнді учаскелерді сүзіп шықты.
Полиция белгілеп берген барлық аумақтар толықтай тексерілді. Қазіргі уақытта полиция тарапынан жаңа бағдарлар немесе іздеуді жалғастыру туралы қосымша сұраныс түспеген.
ТЖД бөлімшелері іздеу шараларын уақытша тоқтатты, бірақ полицияның жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасуда.
Бұған дейін хабарланғандай, полиция бұл істің аясында күдіктілер тұрған үйлерді, соның ішінде Атырау қаласындағы Геолог мөлтек ауданындағы уақытша баспаналарды тексерген болатын. Тіпті Оралдан арнайы георадарлар алдырылып, жер астына тінту жүргізілді.
Қазіргі уақытта тергеу органдары отбасы мүшелерінің қаза тапқан болуы мүмкін деген нұсқаны да жоққа шығармайды. ТЖД мамандары көмектен бас тартқан жоқ, олар жаңа деректер пайда болған сәтте жұмысты қайта бастауға дайын.
Естеріңізге салайық, Жангелдин ауылының тұрғындары 2025 жылы белгісіз жағдайда жоғалып кеткен болатын. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде тараған мәліметтер жағдайдың одан әрі күрделене түскенін көрсетті. Атырау облысында бір отбасының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тек 2026 жылдың 6 қаңтарында ғана ерлі-зайыптының мәйіті қорадан табылған.