Шығыстағы ауылды сақылдаған сарышұнақ аяз басты: температура -53 градусқа түсті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Алтай ауданындағы Парыгино ауылында ауа температурасы -53 градусқа дейін төмендеді

Фото: pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай ауданына қарасты Парыгино ауылында аяз -53 градусқа дейін жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қатты суықтың беті 15 қаңтардан бастап байқалған. Сол күні түнде сынап бағанасы -45 градусқа дейін төмендеген. Ал 16 қаңтарда таңғы уақытта ауа температурасы одан әрі құлдырап, -53 градус көрсеткен. Түске қарай күн сәл жылып, -48 градус шамасында болған.

Ауылдық округ әкімі Ғани Төлековтің айтуынша, жергілікті тұрғындар мұндай қатал қысқа алдын ала дайындалған. Әлеуметтік маңызы бар нысандар, мектептер мен басқа да мекемелер қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

"Қазіргі уақытта ешқандай төтенше жағдай тіркелген жоқ. Инфрақұрылым тұрақты, жылу мен электр жүйесінде ақау байқалмайды. Жағдай толық бақылауда",- деді ол.

Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев та өңірдегі ахуал тұрақты екенін атап өтіп, жауапты қызметтер тәулік бойы кезекшілікте тұрғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.