Қазақстанның 12 өңірінде 45 градусқа дейін аяз күтіледі
Қазгидромет ел аумағында боран, көктайғақ пен қатты желге байланысты ескерту жариялады
Қазақстанның 12 өңірінде ауа райының күрт нашарлауына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, 17 қаңтарда Алматы облысының солтүстігі мен таулы аудандарында ауа температурасы -25 градусқа дейін төмендейді. Қонаев қаласында солтүстік-батыстан соғатын жел бағытын өзгертіп, екпіні секундына 18 метрге дейін жетуі мүмкін. Алматыда түнде қалың қар жауады деп күтіліп отыр.
Ақтөбе облысының оңтүстігі мен батысында түнде қар жауып, ал солтүстік, шығыс және орталық бөлігінде жаяу бұрқасын болады. Желдің екпіні 20 м/с-қа дейін күшейіп, кей жерлерде 23 м/с-қа жетуі мүмкін. Ақтөбе қаласында да желдің күшею қаупі бар.
Маңғыстау облысында қар жауып, жолдарда көктайғақ қалыптасады. Облыстың оңтүстігінде түнде қалың қар жауады. Солтүстік-шығысында бұрқасын, батысы мен орталығында тұман түсуі ықтимал. Ақтауда да көктайғақ күтіледі.
Түркістан облысының батысы мен солтүстігінде, таулы аймақтарында жаяу бұрқасын соғады. Түркістан қаласында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, тұман және көктайғақ болады. Шымкентте де түнгі уақытта жауын-шашын күшейеді.
Ең қатты аяз Шығыс Қазақстан облысында тіркелмек. 17–18 қаңтар күндері түнде солтүстік және шығыс аудандарда ауа температурасы -45 градусқа дейін төмендейді.
Жетісу облысының солтүстігі мен таулы өңірлерінде түнде -25…-27 градус аяз күтіледі. Талдықорғанда көктайғақ болып, ауа температурасы -26 градусқа дейін түседі.
Абай облысының орталығы мен оңтүстік-батысында желдің екпіні 20 м/с-қа дейін күшейеді. Түнде облыстың солтүстігінде -40 градус аяз болуы ықтимал.
Ұлытау облысының оңтүстігі мен орталығында тұман түсіп, желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Жезқазғанда да таңертең және түнде жел күшейеді.
Қызылорда облысының оңтүстігінде қар жауып, боран мен көктайғақ болады. Жел екпіні кей жерлерде 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Қызылорда қаласында да жел күшейеді деп болжануда.
Қарағанды облысының солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде тұман түседі. Солтүстік-шығыс бөлігінде түнде ауа температурасы -38 градусқа дейін төмендейді.
Батыс Қазақстан облысында 17 қаңтарда жел күшейіп, екпіні 20 м/с-қа жетеді.
Атырау облысында қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ болады. Шығыс бөлігінде тұман күтіледі. Атырау қаласында да жел күшейіп, екпіні 18 м/с-қа дейін жетеді.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, алдағы демалыс күндері елдің солтүстігі мен шығысында аяз күшейсе, батысы мен оңтүстігінде қарлы боран, қатты жел мен көктайғақ сақталады. Мамандар тұрғындарды алыс жолға шықпауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.