БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін 5 пайызға өсірді
2026 жылдан бастап ай сайынғы төлемдер автоматты түрде индекстелді
1 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері 5 пайызға артты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қордың мәліметінше, зейнетақы төлемдерінің мөлшері Үкімет бекіткен арнайы әдістеме негізінде есептеледі. Жаңа тәртіпке сай, зейнетақыны алғаш рет рәсімдейтін азаматтардың ай сайынғы төлемі олардың жеке шотындағы жинақ көлемі мен төлеу коэффициентіне (6,5%) байланысты анықталып, алынған сома 12 айға тең бөлінеді.
Ал келесі жылдары төлемдер жыл сайын автоматты түрде индекстеліп, кемінде 5 пайызға өсіп отырады. Бұл өзгеріс зейнеткерлердің табысын инфляция деңгейіне бейімдеп, өмір сүру сапасын сақтауға бағытталған.
Сонымен қатар, БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің кемінде 70 пайызына тең. Ал ең жоғарғы шек белгіленбейді. Төлем көлемі азаматтың жинақ сомасына тікелей байланысты болады.
Ай сайынғы зейнетақы төлемдері жеке зейнетақы шотындағы қаражат толық таусылғанға дейін жүргізіледі. Қор өкілдері бұл қаражат салымшының жеке меншігі екенін және заңға сәйкес мұраға қалдырылатынын да еске салды.
Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе зейнетақы төлемдерін әділ әрі ашық есептеуге мүмкіндік беріп, азаматтардың болашақ табысын алдын ала жоспарлауына жағдай жасайды.