«Мені қорғай аласыздар ма?»: Қызылордада сталкинг құрбаны болған бойжеткен жанайқайын жеткізді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жарты жылдан бері аңду көрген Жазира Қуанышбай қоғамнан көмек сұрады

Фото: жасанды интеллект

Қызылорда қаласының тұрғыны Жазира Қуанышбай өзін ұзақ уақыт бойы белгісіз біреудің аңдып жүргенін айтып, қоғамнан араша сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бойжеткен әлеуметтік желідегі жазбасында жарты жылдан астам уақыт бойы сталкинг құрбаны болып келе жатқанын мәлімдеген. Оның айтуынша, күдікті адам жүйелі түрде артынан қалмай, байланыс орнатуға тырысқан. Осы жағдайға байланысты ол бірнеше мәрте полиция мен прокуратураға арызданған.

Жәбірленуші қауіпсіздігіне алаңдап, көшеде жалғыз жүрмеуге мәжбүр екенін жеткізді. Кей кездері тіпті 102 нөміріне қоңырау шалуға тура келген.

«Дүниеде жоқ Нұрайды қоғам ақтай алмай жатқанда, тірі мені қоғам қорғай ала ма? Барлық әрекетті жасап көрдік, тіпті күдіктінің туыстары да оған сөзін өткізе алмай отыр», – деп жазды бойжеткен.

Жазбасында ол құқық қорғау органдарына фото және видео дәлелдер тапсырғанын, алайда бастапқыда іс тиісті деңгейде қаралмағанын да атап өтті.

Бұл жағдай қоғамда кең резонанс тудырғаннан кейін Қызылорда облыстық полиция департаменті ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, сталкинг дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің тергелу барысы департамент басшылығының бақылауында», – делінген полиция таратқан хабарламада.

Сонымен қатар полиция сталкингтің заңнамаға сәйкес адамның еркіне қарсы байланыс орнату, аңду, мазасын алу сынды әрекеттерді қамтитынын еске салды. Құқық қорғау органдары мұндай жағдайға тап болған азаматтарды дереу хабар беруге шақырды.