$ 512.16  594.72  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Кейбір iPhone мен қытайлық телефон иелеріне шұғыл ескерту

Төтенше жағдайда хабарлама келмеуі мүмкін

Кейбір iPhone мен қытайлық телефон иелеріне шұғыл ескерту
Фото: pixabay.com

Төтенше жағдайлар министрлігі қытайлық смартфондар мен кейбір iPhone үлгілерін қолданатын азаматтарға маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Белгілі болғандай, аталған құрылғылардың кейбірінде төтенше жағдай туралы жедел хабарлама автоматты түрде қабылданбауы мүмкін.

Қазіргі таңда ТЖМ Cell Broadcast технологиясы арқылы халықты жедел құлақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Бұл жүйе қауіпті жағдай туындаған сәтте тұрғындардың ұялы телефондарына шұғыл ескерту хабарламаларын жіберуге мүмкіндік береді. Алғашқы кезеңде сейсмикалық қауіпті 11 өңір анықталып, жүйе Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында іске қосылған.

Министрлік жүргізген тексеру барысында Huawei, Xiaomi секілді қытайлық смартфондардың бірқатар моделінде Cell Broadcast функциясы әдепкіде өшірулі тұратыны анықталған. Осы себепті аталған телефон иелері «Mass Alert» жүйесі арқылы жолданатын ескертулерді уақытында алмауы мүмкін. Сонымен қатар төтенше хабарламалардың жетпеу қаупі мына жағдайларда сақталады:
-iOS 18 нұсқасынан төмен жүйеде жұмыс істейтін iPhone құрылғыларында;
-Қазақстан аумағына ресми сертификаттаусыз әкелінген смартфондарда;
-Ұялы байланыс операторларының желісінде тіркелмеген құрылғыларда;
-Елімізде пайдалануға рұқсат етілмеген, «сұр нарық» арқылы кірген телефондарда.

Мамандардың айтуынша, мұндай құрылғыларда Cell Broadcast баптаулары шектеулі болуы, тіпті мүлде жұмыс істемеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде қауіп төнген сәтте азаматтардың маңызды ақпараттан бейхабар қалуына әкелуі ықтимал.

Осыған байланысты ТЖМ тұрғындарға бірнеше ұсыныс жасады:
-телефоныңыздың баптауларынан жедел хабарлама (Cell Broadcast) функциясының қосулы тұрғанын тексеру;
-ресми түрде тіркелген және сертификатталған құрылғыларды пайдалану;
-смартфон операциялық жүйесін уақтылы жаңартып отыру.

Министрлік азаматтарды қауіпсіздікке бейжай қарамауға шақырып, телефон баптауларын қайта қарап шығуға кеңес береді.

Серіктес жаңалықтары