$ 512.16  594.72  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Білім емес, ойлау бағаланады: ҰБТ-дағы басты өзгеріс қандай?

2026 жылғы түлектер үшін өзгеріс жоқ, жаңа жүйе 2029 жылға дейін енгізіледі

Білім емес, ойлау бағаланады: ҰБТ-дағы басты өзгеріс қандай?
Фото: pixabay.com

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа дәуірге қадам баспақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2029 жылға дейін ҰБТ-ны толық трансформациялауды жоспарлап отыр. Алайда өзгеріс бірден емес, кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылы мектеп бітіретін түлектер бұрынғы форматпен тест тапсырады.

«Биыл мектеп түлектері үшін ешқандай өзгеріс болмайды. ҰБТ бұрынғыдай қалыпты режимде өткізіледі. Өздеріңіз білетіндей, қаңтар айындағы ҰБТ басталып кетті. Оған 180 мыңнан астам түлек тіркелген. Ал жазғы кезеңде тестілеуге шамамен 220 мың оқушы қатысады деп болжап отырмыз», – деді ол.

Министрлік өкілі ҰБТ-ның 20 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқанын, алайда қазіргі заман талаптарына сай жаңарту қажеттігі туғанын айтты.

«Бұл – сыннан өткен тест. Дегенмен, уақыт талабына сай оның мазмұнын жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Әсіресе тест тапсырмаларының мазмұнына өзгеріс енгізу маңызды», – деді Есинбаева.

Реформаның басты мақсаты – тест тапсырмаларының мазмұнын жаңарту. Болашақта ҰБТ тек пәндік білімді ғана емес, оқушылардың функционалдық сауаттылығын, аналитикалық және сыни ойлау қабілетін бағалайтын жаңа форматтағы сұрақтармен толықтырылады.

Жаңа үлгідегі тапсырмалар талапкерлердің ақпаратты түсіну, оны талдау, салыстыру және қорытынды жасау дағдыларын анықтауға бағытталмақ. Осы арқылы оқушылардың шынайы ойлау қабілеті мен білімді практикада қолдану деңгейі бағаланады.

Осы мақсатта министрлік халықаралық тәжірибеге сүйеніп, әлемге әйгілі ETS (Educational Testing Service) компаниясымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Бұл ұйым SAT, TOEFL сияқты халықаралық тестілерді әзірлеген.
Нәтижесінде ҰБТ да халықаралық деңгейде мойындалатын емтиханға айналуы мүмкін. Яғни, болашақта қазақстандық түлектердің нәтижелері шетелдік университеттерде есепке алынуы ықтимал.

Сонымен қатар ашық форматтағы тапсырмалар енгізу көзделіп отыр. Талапкерлер дайын жауапты таңдамай, өз ойларын жазбаша түрде жеткізеді. Алайда бұл барлық пәнге бірдей қолданылмайды.

«Тест тапсырмаларының форматы бірден емес, біртіндеп өзгереді. Бұл мектеп түлектеріне ешқандай қосымша салмақ түсірмеуі тиіс», – деді Жанна Есинбаева.

Жаңартылған форматқа толық көшу 2029 жылға жоспарланған. Осы уақытқа дейін пилоттық жобалар іске қосылып, қоғаммен ашық талқылау жүргізіледі.

Министрлік ҰБТ-дан бас тарту жоспарда жоқ екенін нақты айтты. Тест бұрынғыдай білім гранттарын бөлуге негізгі құрал болып қала береді. Бірақ оның мазмұны жаңартылған оқу бағдарламалары мен халықаралық стандарттарға сәйкестендірілмек.

Осылайша, алдағы жылдары ҰБТ тек баға қою құралы емес, талапкердің ойлау деңгейін анықтайтын заманауи іріктеу жүйесіне айналмақ.

Серіктес жаңалықтары