$ 512.16  594.72  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда жүк көлігі газ құбырын қиратып, 65 үй көгілдір отынсыз қалды

Түрксіб ауданындағы жол апаты тұрғындарды әбігерге салды

Алматыда жүк көлігі газ құбырын қиратып, 65 үй көгілдір отынсыз қалды
Фото: жасанды интеллект

Алматының Түрксіб ауданында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан бірнеше ондаған үй газсыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

QazaqGaz Aimaq АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, апат 16 қаңтар күні шамамен сағат 14:30-да ауданның орталық көшелерінің бірінде тіркелген. Ауыр жүк көлігі төмен қысымды газ құбырына соқтығысып, инфрақұрылымға елеулі зақым келтірген.

Соққының күшті болғаны соншалық, газ құбырының болат бөліктері екі жерден дәнекерленген түйісінен ажырап, шамамен жеті метр аумақта иіліп қалған. Сонымен қатар көршілес енгізу нүктесінде жарықшақ пайда болып, газ есептегіш құралдарын ұстап тұрған кронштейндер ажырағаны анықталды.

Оқиға орнына жедел жеткен апаттық бригада аумақты толық тексеріп, газдың сыртқа шығу дерегі тіркелмегенін хабарлады. Дегенмен қауіпсіздік мақсатында 65 жеке тұрғын үйге газ беру уақытша тоқтатылды.

Қазіргі таңда зақымданған газ құбырын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал апаттың себеп-салдарын анықтау үшін полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын бастады.

Компания өкілдері жөндеу жұмыстары аяқталған соң, тұрғындарға газ беру қайта қалпына келтірілетінін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары