Ол әскери қызметте келісімшарт бойынша жұмыс істеген
Ақтау гарнизонының Оймаша әскери полигонынан бөлімшенің қайтып келе жатқан кезінде жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қолайсыз ауа райы жағдайында, яғни көктайғақ, көріну нашарлап, қараңғы түскен уақытта КамАЗ автокөлігі келісімшарт бойынша қызмет атқаратын кіші сержант Г. есімді әскери қызметшіні қағып кетті. Жарақат салдарынан әскери қызметші оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», - деп хабарлады құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі.
Қарулы Күштердің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Отбасына заңнамаға сәйкес қажетті көмек көрсетіледі.